«Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

Қазақстан РеспубликасыҮкiметiнiң2013 жылғы 27 ақпандағы№ 191 қаулысыменмақұлданған
«Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасымемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгіТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
Мазмұны
Кіріспе
1-бөлім. Мемлекеттік жастар саясатын дамыту пайымы
2-бөлім. Мемлекеттік жастар саясатын дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері
3-бөлім. «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі
Кіріспе
Қазақстандықтар – жасампаз және жас ұлт: республиканың әрбір екінші тұрғыны 30 жасқа толмаған жастар. Қазақстанның болашағы Қазақстан жастарының даму деңгейімен, олардың қоғамға ықпалдасуымен байланысты, болашақтың негізі бүгін қаланады.
Жастар саясатының басымдықтары Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев бастама жасаған «Қазақстан – 2050» стратегиясының түйінді мақсаттарының бірі болып табылады.
Бүгінде еліміз өзінің алдына әлеуметтік жаңғыру, үдемелі инновациялық индустрияландыру және экономикалық ықпалдасу бойынша жаңа ауқымды міндеттер қояды. Тәуелсіздіктің 20 жылындағы жетістіктерді бекіте отырып, Қазақстан XXI ғасырдың үшінші он жылдығында әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруге ниет білдіреді.
Бұл жағдайларда аға буынның жасампаз істерін жалғастыруға, ұлттық бәсекелестікке қабілеттіліктің деңгейін одан әрі жоғарылатуға, Қазақстанның XXI ғасырда гүлденуі мен әлемдік танылуын қамтамасыз етуге тиіс жастарға үлкен үміт пен жауапкершілік жүктеледі.
Мұндай миссия кәсіптік білімі, дені сау әрі адамгершілігі мол, бәсекеге қабілетті, патриот және әлеуметтік тұрғыдан жауапты жастардың ғана қолынан келеді. Осыған байланысты мемлекеттің басым міндеті мемлекеттік жастар саясатын уақыт талаптарына сай бейімдеу арқылы жастарды Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторына айналдыру.
Мемлекеттік жастар саясаты
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жас ұрпақтың ойдағыдай әлеуметтенуі мемлекет назарында болды және қала береді.
1994 жылы Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады. Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 28 тамыздағы өкімімен Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы мақұлданды. Кейіннен аталған құжатты Үкімет қабылдаған соң 2001 жылдан бастап бірқатар бағдарламалар, оның ішінде « Қазақстан жастары», « Жастар саясатының 2003 – 2004 жылдарға арналған бағдарламасы», « Жастар саясатының 2005 – 2007 жылдарға арналған бағдарламасы», сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтарын патриоттық тәрбиелеудің 2006 – 2008 жылдарға арналған бағдарламасы іске асырылды.
Аталған бағдарламалардың бәрі жастардың білім, еңбек және жұмыспен қамту, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге, шығармашылық әлеуетін дамытуға, жастарды ауқымды әлеуметтендіру және патриотизм құндылықтарын қалыптастыру үшін жағдай жасауға бағытталған.
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануы жастар саясатын одан әрі іске асырудың институционалдық негізіне айналды. 2010 жылдан бастап жастар саясаты Білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде іске асырылуда.
2008 жылы «Нұр-Отан» халықтық-демократиялық партиясының (бұдан әрі – «Нұр-Отан» ХДП) «Жас Отан» Жастар қанаты I съезінің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Жастар саясаты жөніндегі кеңес құрылды.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жастар ұйымдарының бастамаларын қолдау мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі болып табылды, өткен 7 жылда оның көлемі 10 еседен астам өсті.
Білім және ғылым министрлігінің құрылымынан Жастар ісі комитеті мен Астана, Алматы қалаларының және облыстардың жастар саясаты мәселелері бойынша басқармаларының құрылуы мемлекет пен жастардың өзара іс-қимыл жасау процестерін жетілдірудің келесі кезеңіне айналды.
Тұтастай алғанда, қазіргі уақытта әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға, болашақ ұрпақтың қалыптасуы мен жан-жақты дамуына арнайы жастар бағдарламалары ғана емес, сол сияқты бүгінде елімізде іске асырылып жатқан білім беруді, денсаулық сақтауды, тілдерді дамытудың, үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың ауқымды мемлекеттік бағдарламалары; «100 мектеп, 100 аурухана», «Балапан», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламалары бағытталған.
Демографиялық ахуал
Ел тұрғындарының 26 %-дан астамын 14 – 29 жас аралығындағы Қазақстан жастары құрайды. 2012 жылы олардың саны 4,4 млн. адамға жақындады.
Облыс, сондай-ақ республикалық маңызы бар қала тұрғындарының жалпы санынан жастардың ең қомақты үлес салмағы Астана және Алматы қалаларына, сондай-ақ Ақтөбе облысына тиесілі, мұнда 14 – 29 жас аралығындағы жастар 29 %-ды құрайды.
Тұрғындардың жалпы санынан жастардың ең аз үлес салмағы Солтүстік Қазақстан облысына – 22 %, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарына – 24 % келеді.
Қазақстан жастарына білім деңгейінің жоғары болуы тән. Жоғары білімі бар жастардың саны соңғы онжылдықта 3 есе, арнаулы орта білімі бар жастардың саны 2 есе дерлік өсті. Жоғары білімі бар ауыл жастарының саны 6 есе, қала жастарының саны 4 есе өсті. Тұтастай алғанда, Қазақстан жастарының 40 %-ының жоғары, аяқталмаған жоғары және арнаулы орта білімі бар.
Жастар ұйымдары
Соңғы онжылдықта елімізде олардың саны 7 еседен астам өсті. Қазақстан жастар конгресі (2002) және «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты (2008) сияқты бұқаралық ұйымдарға жастардың шоғырлану процесі жалғасуда. 2005 жылы «Қазақстан студенттерінің альянсы» студент жастардың қоғамдық бірлестігі құрылды.
2011 жылдан бастап «Қазақстан жас депутаттарының қауымдастығы», ал республиканың бүкіл өңірлерінде – жастар мәслихаттары жұмыс істейді. 2011 жылы «Жас Қыран» және «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа ұйымдар пайда болды, олардың басым міндеті патриоттық тәрбиелеу болып табылады.
Бірқатар жастар бағдарламалары мен бастамалары: «Жастар практикасы», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға!», «Жастар кадрлық резерві», «Мемлекеттік қызмет мектебі», «Жастар - Отанға!» іске асырылуда, олар мол қоғамдық оң резонансқа ие.
Жұмыспен қамту
Еңбек және жұмыспен қамту саласында мемлекеттік жастар саясаты жастарды жұмысқа орналастыру, қоғамдық жұмыстарды дамыту және жастарды кәсіптік даярлық пен біліктілікті жоғарылату курстарында оқыту бағдарламаларын іске асыру арқылы жүзеге асырылады.
2011 жылы 15 жастағы және одан үлкен экономикалық белсенді тұрғындардың саны 8,8 млн. адамға жетті. Жұмыспен қамтылғандар құрылымының (8,3 млн. адам) шамамен үштен бір бөлігін (30,5 %) 25 – 34 жастағы адамдар және 14,5 %-ын 15 – 24 жас аралығындағы жастар құрайды. Жұмыспен қамту құрылымында жалдамалы еңбек қала жастарында 78,3 %-ға басым, ауыл жастарында – 40,9 %.
Орта мерзімді кезеңде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі (2005 жылдан бастап) 13,4 – 4,6 % шегінде (жұмыссыздықтың жалпы деңгейі 8,1 – 5,4 %) болды.
2012 жылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі (4,6 %) көп жылдардан бері алғаш рет жұмыссыздықтың жалпы деңгейінен (5,4 %) төмендеді. Жастар жұмыссыздығының деңгейі қалаларда жоғары. 2011 жылы ол 5,6 %, ал ауылда – 3,8 % болды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жүргізіліп келе жатқан мемлекеттік жастар саясаты қоғам өмірінде тұрақтандырушы рөл атқарды, жастарға көп кездесетін өмір ағымының қиындықтарын жеңілдетуге мүмкіндік берді, жастардың әлеуметтенуіне жағдай жасады.
1-БӨЛІМ. МЕМЛЕКЕТТІК ЖАСТАР САЯСАТЫН ДАМЫТУ ПАЙЫМЫ
1. Қазіргі жастардың өзекті проблемалары
Қазақстан жастарын әлеуметтендіру мәселелеріндегі қауіптер мен тәуекелдер мемлекеттік жастар саясатының өзекті күн тәртібін қалыптастырады, мемлекеттік органдардың, корпоративтік сектордың және азаматтық қоғам институттарының бәрінің күш-жігері соның айналасына шоғырлануға тиіс.
1. Дәстүрлі құндылықтар жүйесіне жаһанданудың қысымы
Жаһандану процесі экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени даму деңгейі әртүрлі мемлекеттердің ұлттық шекараларын ашады. Жаппай тұтыну мәдениетінің қысымымен дәстүрлі құндылықтардың аражігі жойылып бара жатыр.
Бүгінде бүкіл әлемде ұлттық мемлекеттер жас ұрпаққа ашық әлем шарттарында қоғамның дамуындағы сабақтастықты сақтап қалуға мүмкіндік беретін құндылықтардың сенімді жүйесін ұсынуға мүдделілік танытып отыр.
2. Еңбек құндылықтарының доминантты емес дәрежесі
Қазіргі уақытта жастар арасында прагматикалық бағдар күшейіп келе жатыр. Өмір құндылықтарының қатарында материалдық игіліктерге ұмтылу анағұрлым маңызды болып отыр. Бұл ретте көбінесе өмірдегі жетістік, әлеуметтік жоғары мәртебеге қол жеткізу өз қабілетімен еңбек етумен, алға қойған мақсаттарға қол жеткізумен, қойылған мақсатқа біртіндеп жетумен тікелей байланыстырылмайды.
3. Патернализм және әлеуметтік инфантилизм
Экономикалық өсу қоғамда әлеуметтік межелердің ұлғаюымен қоса жүретінін, мемлекетке деген патерналистік көңіл-күйдің тарауына және инфантильді азаматтардың ұрпағын қалыптастыруға ықпал ететінін әлемдік практика көрсетіп отыр. Мұндай құбылыстар Қазақстанда да байқалады. Социологиялық зерттеулер бүгінде Қазақстан жастарының 58 %-ы өз мәселелерін шешуде мемлекет тарапынан болатын көмекке толықтай сенім артатынын, бозбалалар мен бойжеткендердің 92,5 %-ы тікелей қолдауды және жұмысқа орналасуда әлдекімдердің қол ұшын беруін күтетінін растап отыр.
4. Тұтынушылыққа құштарлық
Жастардың дүниетанымдық дағдарысының бір көрінісі – жаппай тұтынушы қоғам дағдарысының бір бөлігіне айналған тұтынушылыққа құштарлық болып табылады. Жастардың қазіргі өмір сүру тәсілінің ерекшелігі болып табылатын тұтынушылық тәжірибе олардың тек қана материалдық байлыққа ие болуын көздейді.
5. Жастар арасындағы радикализм қаупі
Өмірлік тәжірибесі мен білімі жоқ жастар өзінің саяси мақсаттарын іске асыру үшін жастарды айналдыратын сыртқы және ішкі ыдыратушы күштердің ықпалында қалу қаупіне ұшырайды. Экстремистік көзқарастар мен идеялардың жастар арасына енуі, жастарды құқыққа қарсы әрекеттерге итермелеу қоғамдағы этносаралық, мәдениетаралық және конфессияаралық келісімдерді бұзу қаупін туғызады.
6. Жастар маргинализациясы
Мемлекет атқарып отырған жедел әлеуметтік жаңғырту жағдайында мінез-құлқы жалпыға бірдей қабылданған, қалыптасқан нормалардан көбінесе ерекшеленетін, қайта құрудан «артта қалған» әлеуметтік топтар пайда болады. Әлеуметтік аутсайдерлердің немесе маргиналды жастардың пайда болуы қоғамға кірігудің және жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайларға бейімделудің қиындығына байланысты.
Сонымен қатар, жастардың әлеуметтену процесі, оларды қоғамдық-саяси өмірге жұмылдыру мынадай құндылықтарға негізделеді:
Патриотизм
«Патриот болу – бұл Қазақстанды өз жүрегіңде ұялату» - Мемлекет басшысы бұл құндылықты осылайша айқындап берді. Жас қазақстандықтар үшін Елбасының өмірі мен еңбек жолы - өз елінің патриоты болудың жарқын үлгісі болып табылады.
Отан өз жеріне, оның тарихына, мәдениетіне, онда тұратын халыққа, мерекелері мен күнделікті тірлігіне, мемлекеттік нышандарына деген айрықша тұлғалық қарым-қатынас қалыптасатын отбасыдан басталады.
Жастардың санасына патриотизм – өзің, отбасың және біздің Отанымыз үшін ұлы жауапкершілік екенін сіңіру ерекше маңызды.
Халық бірлігі
Тұрақтылық – Қазақстанның 20 жылдық дамуындағы табысының негізі және басты нәтижелерінің бірі. Көп этносты және көпконфессиялы Қазақстан халқының бірлігі – абсолюттік құндылық және барша ұрпақтың міндеті – осы құндылықтарды қорғау және елді көркейту жолында оны дамытып, орнықтыра түсу.
Мәдени саналуандық – бұл адамдарды бөлмейтін, керісінше біріктіретін құндылық. Этникалық алуандыққа негізделген қазақстандық дүниетаным әлемдік мәдениет ағынына батып жоғалып кетпеуге тиіс, оны жас ұрпақ бірегей ұлттық игілік ретінде сақтауы керек.
Жастарды адамгершілік жағынан қалыптастыру процесіне әсер ете отырып, мемлекет мәдениеттің жалпы деңгейінің өсуіне, коммуникациялық технологияларды дамытуға назар аударуы тиіс.
Жастардың даму деңгейінің үшінші мыңжылдықтың талаптарына сәйкес болуына қол жеткізу қажет. Ар-ождан және діни сенім еркіндігін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қамтамасыз ету жұмыстың маңызды бағытына айналуға тиіс.
Толеранттылық
Елбасының этносаралық және конфессияаралық келісімінің теңдессіз үлгісі жас ұрпақтың толеранттылығын қалыптастырудың, олардың этностық және діни ерекшеліктерді түсіністікпен қарауының және құрметпен қабылдауының негізіне айналуы керек. Мәдениеттер, діндер мен өркениеттер диалогының түйіскен орны, Шығыс пен Батыс арасындағы көпір болып табылатын елдің жастары басқаларға қарағанда бейбітшілік пен келісім мәдениетін таратуға мүдделі болуы тиіс.
Заңға мойынұсынушылық
Заңға бағынатын азаматтар ғана демократияны жетілдіруге және шынайы құқықтық мемлекет құруға қабілетті екені айқын. Заңды бұлжытпай орындау жастардың өмірлік дағдыларына айналуы керек. Бұл өсіп келе жатқан буында әсіресе, «ересек» өмірдің дағдылары жаңа қалыптаса бастаған кезеңінде маңызды болып табылады. Құқықтық сананың өсуі, белгіленген тәртіп ережелері мен қағидаларын құрметтеуді қалыптастыру барлық әлеуметтік институттардың ерекше назар аударатын нысанасына айналуға тиіс. Заңның беделді болуы қазақстандық жастардың санасында қазіргі кезеңнің дамуының базалық құндылығы ретінде мығым орнығуы қажет.
Білім
Жастардың дәстүрлі құндылықтары – білім мен мансап білім беру жүйесінің еңбек нарығына айқын бейімделуді, анықталған қажеттіліктер мен технологиялық жаңалықтарды ескере отырып, білім беру мен кәсіптік даярлау жүйесінің экономикалық, әлеуметтік және кәсіпкерлік болмысқа сәйкестігін қамтамасыз етуді назарға ала отырып, қайта қаралуға тиіс. Жастар арасында ғылымның мәртебесін арттыру және оларды инновациялық жобаларды әзірлеуге тарту жастар саясатының негізгі бағыттарының біріне айналуы қажет.
Еңбекқорлық
Жалпыға ортақ еңбек қоғамында жастардың аса маңызды негізгі құндылықтары жастарды экономикалық-еңбек қызметіне тартуға негізделген еңбексүйгіштік пен ерекше еңбек этикасы болуы керек. Осыған байланысты, « Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам», Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын жастарға өздерін көрсетуге айрықша мүмкіндік беру үшін ұсынады.
Жастардың іске жұмыла білуінің экономикалық құндылығы аса жоғары. Зерттеулерге сәйкес жастардың үштен бірі жұмыс үшін елдің кез келген өңіріне баруға әзір. Кез келген жағдайда әлеуметтік бейімделуге әзірлік, жастардың өз ісінің дұрыстығын дәлелдеп беруге табиғи ұмтылысы өсу нүктелері – Астанада, Алматыда, Шымкентте, Ақтөбеде, Ақтауда ішкі көші-қон мәселесін шеше алады.
Инновациялылық, ғылым және инновация
Инновациялық экономикаға өту – қазақстандық жастардың инновациялық мінез-құлқын қалыптастыру міндеттерін өзекті етеді. Жастар өткен күнмен астасқан дүниенің бәріне құштар емес. Сондықтан барлық жаңаны айрықша қабылдағыш, өмірдегі өзгерістерге бейімделгіш, мол әлеуеті мен шығармашылық зияткерлік энергиясы бар және әлеуметтік белсенді қызметке дайын жастар тәжірибеге жаңа идеяларды, бастамалар мен технологияларды жылдам ендіретін жолбасшы. Онымен қазақстандық ғылымның өсуі, әсіресе жаратылыстану, техникалық ғылымдардың өсуі байланысты болуы керек. Жастардың ғылымға бет бұруы – бұл болашаққа айқын жол.
Отбасы
Қазақстанда отбасы әрқашан әлеуметтің аса маңызды құраушы элементі ретінде қарастырылып келеді. Ол қоғам болмысының, мемлекеттің негізі, адалдық, адамгершілік және рухани үйлесім жүйесіндегі маңызды буын болып табылады.
Қарттар мен балалар ерекше қамқорлыққа бөленуге тиіс, бұл Қазақстан халқында бұрыннан бар қасиет. Өзі және өз жақындары үшін әлеуметтік жауапкершілік сезімін қалыптастыру отбасындағы тәрбиеден бастау ала отырып, жастар саясаты мәселелерінде негіз болуы қажет. Өмірдің құндылығы, қауіпсіздігі және оны жалғастыру отбасымен тікелей байланысты.
Денсаулық және спорт
Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру аясына денсаулық пен спорттың құндылығын насихаттау мәселесі енгізілуі тиіс. Өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілік қағидасы, зиянды әдеттерден бас тарту, салауатты өмір салтын ұстану бұрынғыша маңыздылығы жоғары болып қалады.
Қазақстандағы спорт бүгінгі әлеуметтік лифтілер жүйесінде анағұрлым үйлесімді жұмыс істейтін сала болып табылады. Қазақстандық спортшылардың ғаламдық табыстары жігіттер мен қыздарға өздерінің жарқын талантын, ерік-жігерін, мінезі мен еңбексүйгіштігін көрсете отырып, жоғары нәтижелерге, сонымен бірге даңқ пен құрметке бөлене алатындығын, материалдық игілікке де қол жеткізуге болатындығын көрсетіп берді.
Спорт пен бұқаралық дене шынықтыруды дамыту жастар саясатының ерекше басымдығына айналуға тиіс.
Оң мұрат-мақсаттар
Нарық экономикасы мен Қазақстанның индустриядан кейінгі дамуы жастардың әлеуметтік-экономикалық мінез-құлқының жаңа стратегиясын қалыптастыру қажеттілігіне себепші болады. Кәсіпті таңдай білу, мансапқа дұрыс жолмен жету, еңбек саласындағы ықпалдастыққа және табысқа жету жастарды әлеуметтендірудің маңызды тетігі ретінде қарастырылуы қажет.
Сонымен қоса, жастарда меритократия қағидасын («лайықтылар билігі») ұстануды қалыптастырудың маңызы зор. Заманауи кәсіби мансаптың нышаны деңгейлік, кәсіби, еңбегіне қарай қызметтік сатылық өсу болуы керек. Жастар оң идеалдар мен өз талантына, жұмыс істеу қабілеті мен жеке жауапкершілігінің нәтижесінде табысқа жеткен үздіктерге теңесіп, алға жылжуы тиіс.
Жаңа экологиялық этика
«Жасыл экономиканы» дамыту индустрияландырудың негізі ретінде «экологиялық сұрақтардың маңыздылығын арттырады. Жастар жаңа экологиялық этиканы ұстанушылар болуы керек, туған жері мен оның табиғи байлықтарына жанашырлықпен қарауы тиіс.
2. Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері
Жастарды әлеуметтендіру процесі – бұл жастарды қоғамдық-саяси өмірге қосудың басты тетігі. Объективтілік тұрғысынан, жас ұрпақтың қоғамның дамуына қатысу мәселесі ел дамуының сапасы мен қарқынын, сипатын көрсетеді.
Жастардың әлеуметтік-экономикалық және саяси прогрестерге толыққанды ықпалдасуы мемлекеттің, азаматтық қоғам институттарының және бизнес-қоғамдастықтардың өзара кеңінен іс-қимыл жасауы негізінде қамтамасыз етіледі.
Сонымен бірге, мемлекет пен қоғам жастарға қолдау көрсете отырып, жастардың өмірдегі өз орнын табуға деген ұмтылысын төмендететін шамадан тыс қамқорлықтан арылуға тиіс.
Осылайша, Тұжырымдаманың мақсаты жастардың ойдағыдай әлеуметтенуіне, олардың әлеуетін елді одан әрі дамытуға бейімдеуге бағытталған мемлекеттік жастар саясатының тиімді моделін қалыптастыру болып табылады.
Алға қойылған мақсатқа қол жеткізу мынадай міндеттерді іске асыруды болжайды:
1) қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету;
2) салауатты өмір салтын қалыптастыру;
3) құқықтық мәдениетті арттыру және жастар бойында мемлекеттіліктің негіз қалаушы құндылықтарына деген құрмет қалыптастыру;
4) жастарды жұмысқа орналастыру үшін жағдайлар жасау;
5) жастарға арналған қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту;
6) жастарды мәдени құндылықтарға тарту;
7) жастардың азаматтық және патриоттық сезімдерін өздігінен дамытуын ынталандыру;
8) жастар ортасында моральдық-рухани сабақтастықты қамтамасыз ету;
9) мемлекеттік жастар саясатын ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру;
10) жастарды «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асыруға тарту.
3. Іске асыру кезеңдері және межеленген нәтижелер
Мемлекеттік жастар саясатын одан әрі дамыту кезең-кезеңімен былайша жүзеге асырылатын болады:
1) 2013 – 2015 жылдар аралығындағы кезең.
Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қоғам институттарының және бизнестің құзыретті өкілеттілік аймағын нақтылайтын салааралық өзара іс-қимылдың тиімді үлгісі құрылатын болады.
Көрсетілген міндетке қол жеткізу мақсатында барлық деңгейдегі әкімдіктер жанындағы консультациялық-кеңесші органдар арқылы мемлекет пен жастардың өзара іс-қимыл жасау әдістерін жетілдіру қажет. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес жастар саясатын тұрақты негізде жетілдіруге негізделген ұсыныстарды әзірлеу мәселесінде үйлестіруші рөлін арттыруға бағытталған жұмысын жалғастыратын болады.
Жастар саясатының бағдарламаларын іске асыруға Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы, «Атамекен Одағы» ұлттық экономикалық палатасы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» және жастар ұйымдары жұмылдырылады.
Алдағы кезеңде орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы және өкілді органдардың республикалық және өңірлік жастар ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасауының жобалық тәсіл мен әлеуметтік нәтижеге қол жеткізу қағидаттарына негізделген жаңа схемасы іске асырылады. Орталық және жергілікті деңгейлерде жастардың барлық санатын қамтитын орта мерзімді болжамды негізде әлеуметтік жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін әлеуметтік тапсырысты орналастырудың салалық қағидаты белсенді қолданысқа ие болады. Тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңінде жастар саясатының бірінші кезекті іс-шаралары әзірленетін болады.
Жастарды жұмыспен қамтуға, жұмысқа орналастыруға, қолжетімді тұрғын үйге және перспективалы бизнес-идеяларды тәжірибеде қолдануға бағытталған жобаларға қатысу және өту шарттары дәйекті түрде жетілдірілетін болады.
Тұжырымдаманы іске асырудың бастапқы кезеңінде жастармен тұрғылықты жері, оқуы және жұмысы бойынша мекенжайлық өзара іс-қимыл жасауға бағытталған біртұтас инфрақұрылымды қалыптастыру бойынша жұмыс басталатын болады.
Тұжырымдаманы жүзеге асыру процесінде мемлекеттік жастар саясатындағы мониторингінің, талдаудың және реттеудің жаңа құралдары әзірленетін болады.
Барлық мүдделі тараптардың күш-жігері жастардың қажеттілігін және жастар арасындағы хал-ахуал, беталыстарын ескеретін нысаналы ақпараттық сүйемелдеумен қамтамасыз етіледі.
2) 2015 – 2020 жылдар аралығындағы кезең.
Жастардың мүдделері мен қажеттіліктерін қозғайтын барлық бюджеттік бағдарламаларды іске асыруды бағалаудың нысаналы индикаторларын енгізу маңызды шарт болады. Жастар саясаты саласында мемлекеттік органдар іске асырып жатқан іс-шараларға талдау жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша мемлекеттік жастар саясаты саласындағы міндеттерді іске асыру үшін нысаналы трансферттер бөлу мүмкіндігін қарастыру болжануда.
Жастардың бастамаларын қолдау және оларға мемлекеттік және ақпараттық қызметтердің барлық спектрін көрсету орталықтарын құру туралы мәселе қарастырылатын болады. Ұлттық еріктілер желісі жаппай дамуда.
Тұжырымдаманы ойдағыдай іске асырудың түйінді шарты білім беру жүйесінде жастармен өзара іс-қимыл жасау әдістерін қайта қарау болып табылады. Барлық жоғары оқу орындарында жас отбасыларға ақыл-кеңес қызметін ұйымдастыру, отбасы құндылықтарын насихаттау жөніндегі бағдарламаларды, спорт инфрақұрылымын, соның ішінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде нысаналы бағдарламаларды іске асыру мүмкіндігі пысықталады. Барлық оқу орындарының спорт залдарын жаңарту, жалпы дене шынықтыруды және спортты өткізу стандарттарын қайта қарау мәселелерін зерделеу болжануда. Студенттік спорттың ұлттық лигалары жаппай құрылатын болады.
Жастарды кеңінен әлеуметтендіру процесіне жұмыс берушілер бірлестіктері және кәсіподақ қозғалыстары тартылады. Орта және ірі бизнес кәсіпорындарында кадрлық әлеуетті қолдау мен дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламалары, соның ішінде тұрғын үй, білім беру және сауықтыру бағдарламалары іске асырылатын болады. Еңбек ұжымдарында жастардың әлеуметтік көңіл-күйін орнықтыру жөніндегі бағдарламаларды іске асыратын бизнесті әлеуметтік-экономикалық ынталандыру шаралары дәйекті түрде қолданылатын болады.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылған «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жоғары кәсіби әдістемелік орталыққа айналып, қызметі әлеуметтік зерттеулерді әзірлеуге және іске асыруға, мониторингіге, талдау шолуларын әзірлеуге және т.б. зерттеулерді іске асыруға бағытталады.
Жастармен атаулы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін барлық мүдделі тараптар өкілдерінің біліктілігін арттыру және оқыту бойынша жүйелі жұмысты бастау мүмкіндігі зерделенеді.
Осылайша, жастармен өзара іс-қимыл жасаудың барлық тетіктері тұрақты даму процесінде болады, бұл ретте орталық деңгейде де, өңірлік деңгейде де мемлекеттік жастар саясатының нормативтік-құқықтық қамтамасыз етілуін жетілдіру басым бағытқа айналады.
Жас қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, жастардың білім алуы және кәсіптік өсуі, олардың қоғамның әлеуметтік-экономикалық өміріне қатысу дәрежесін ұлғайту Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасын іске асыру нәтижесіне айналуға тиіс.
«Қазақстан – 2050» стратегиясының міндеттері мен мақсаттарын іске асыруға белсенді қатысу жаһандық бәсекелестіктің жаңа жағдайларында Қазақстанның қарқынды дамуын қамтамасыз етеді – жастардың жетістігі бүкіл ел жетістігінің берік кепіліне айналады.
2-БӨЛІМ. МЕМЛЕКЕТТІК ЖАСТАР САЯСАТЫН ДАМЫТУДЫҢ НЕГІЗГІҚАҒИДАТТАРЫ МЕН ЖАЛПЫ ТӘСІЛДЕРІ
1. Жастар саясатын іске асырудың базалық қағидаттары
Жалпы ұлттық, өңірлік және жергілікті деңгейлерде мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) жастар саясатын әзірлеу мен іске асыру кешенділігі;
2) салааралық өзара іс-қимыл жасау және әлеуметтік нәтижеге қол жеткізу үшін барлық мүдделі тараптардың күш-жігері мен ресурстарын жұмылдыру;
3) біркелкілік, атаулы және барлық нысаналы топтарды жаппай қамту;
4) жүйелі басқарушылық шешімдер қабылдау үшін жүріп жатқан үрдістердің мониторингі мен диагностикасының озық әдістерін енгізу;
5) іске асырылатын бағдарламаларды нысаналы ақпараттық сүйемелдеу.
2. Жастар саясатын іске асырудың негізі бағыттары
Қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету
Білім мемлекеттің экономикалық қорын шешетін өндірістің түйінді факторы ретінде қарастырылады. Басты құзыреттер жүйесін меңгеруге бағытталған сапалы білім беру, функционалды сауаттылық, кәсібиліктің жоғары деңгейі жастарға бәсекеге қабілетті болуға және еңбек нарығында қажетті болуға мүмкіндік береді.
Қазақстан «білім – ғылым – инновация» сияқты үштік басқаратын индустриядан кейінгі әлемге аяқ басқан бүгінгі таңда білім мен кәсіпқойлық үшінші мыңжылдыққа апарар жол болып табылатыны сөзсіз. Осыған байланысты кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі сапалы жаңғыртуды талап етеді, әрі ол нарық қажеттіліктері мен әртараптандырылған экономиканы егжей-тегжейлі есепке алуға бағытталуы тиіс.
Осыны ескере отырып:
1) нарықтың қажеттіліктерін ескере отырып, кәсіптік білім берудің дуальді жүйесін одан әрі дамытуды қамтамасыз ету;
2) нарық қажеттіліктерін ескере отырып, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруды техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарды даярлауға қайта бағдарлау;
3) оқыту бағдарламаларын функционалдық сауаттылықты дамытуға және түйінді құзыреттерге қол жеткізуге бейімдеу;
4) логикалық, сындарлы және конструктивті ойлауды қалыптастыру үшін оқытудың тиімді нысандары мен әдістерін енгізу;
5) нарық қажеттілігін қоса алғанда, білім беру жүйесін құбылмалы әлеуметтік-экономикалық конъюнктураға бейімдеп үздіксіз жетілдіруді қамтамасыз ету үшін жұмысқа орналасуға бағытталған білім беруге және кәсіптік даярлауға жәрдем көрсету;
6) жастарды ғылымға тартуды қамтамасыз ету;
7) жастар арасында білім беру порталдарын танымал ету;
8) түлектердің біліктілігін өндірістің мүдделеріне барынша жақындатуға мүмкіндік беретін жоғары оқу орындарын басқаруға ұлттық және шетелдік ірі компаниялардың қатысу жүйесін әзірлеу, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде университеттердің материалдық-техникалық базасын жетілдіру, жоғары оқу орындарының базасында зерттеу орталықтары мен зертханалар құру қажеттілігін зерделеу. Кәсіпкерлер мен ірі бизнесмендер де кәсіптік біліктілік жүйесін құруға қатысуға тиіс;
9) жұртшылыққа, ата-аналарға және білім алушылардың өздеріне білім беру процесінің мазмұнына, оқыту сапасына ықпал етуге молырақ мүмкіндік беру, академиялық еркіндікті, оның ішінде білім беру мекемелерін басқару арқылы дамыту;
10) Қазақстан Республикасының жоғары білім беру жүйесінде Болон процесінің идеяларын ілгерілету мақсатында студенттердің өзін-өзі басқаруының тиімділігін арттыру;
11) оқып жатқан жастарға консультациялық көмек көрсету бойынша әлеуметтік жастар қызметтерінің жұмысын жандандыру қажет.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру
Жас қазақстандықтардың дені сау болмаса, экономикалық міндеттерді шешу мүмкін емес.
Өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілік қағидаты мемлекеттік жастар саясатының ажырамас бөлігіне айналуға тиіс.
Профилактикалық іс-шараларды назарға ала отырып, жастар зиянды әдеттерден бас тартуы, салауатты өмір салтын ұстануға ұмтылуы қажет. Спортпен және дене шынықтырумен айналысу ерекше басымдыққа айналуға тиіс.
«Жастар» және «дене шынықтыру» ұғымдары жас адамның өмір салтының ажырамас бөлігіне айналуға тиіс.
Осыны ескере отырып:
1) жастарда профилактикалық іс-шаралар мен екпелерді үнемі алып отыру дағдысын қалыптастыру;
2) салауатты өмір салты аясында отбасының, бір топ құрдастарының, оқыту мекемелерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының, медициналық мекемелердің және басқа да әріптестердің қатысуымен консультациялық қызметтерді қоса алғанда, медициналық көмектің қолжетімділігі туралы мәліметтерді ұсыну бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын жандандыру;
3) ұрпақты болу денсаулығын сақтау мәселелері бойынша мәліметтердің бірыңғай ақпараттық дерекқорын құру және жастардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мүмкіндігін пысықтау;
4) спорт залдарын жаңарту жөніндегі және білім беру жүйесі ұйымдарын спорт мүлкімен жабдықтау жөніндегі бағдарламаларды кеңейту мәселесін қарастыру;
5) жаппай спортпен айналысу үшін спорт объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету;
6) белсенді өмір салтын дамыту және патриоттықты нығайту мақсатында жаңа бағыттар әзірлеп және олардың танымалдылығын арттыруға қол жеткізе отырып, отандық экологиялық туризмді насихаттауды енгізу қажет.
Жастардың құқықтық мәдениетін арттыру және мемлекеттіліктің негіз қалаушы құндылықтарын құрметтеуін қалыптастыру
Жастар табысты ел аға буынның қамқорлығы ғана емес, бұл – жастардың ертеңгі күні екенін анық сезінуі тиіс.
Жасөспірімдер мен бойжеткендердің санасында мемлекет – жастардың демеушісі емес, өзін-өзі дамытуына жағдайлар жасайтын серік ұғымы берік орын алуға тиіс.
Жастар тарапынан өзінің табанды еңбек етуі, сапалы білім алуы және оны практикада қолдануы, үнемшілдігі, болып жатқан процестерге белсенді қатысуы арқылы ғана жеке жетістікке және жалпы өркендеуге қол жеткізуге болатынын түсінуі маңызды.
Сонымен бірге, жас азаматтардың құқықтарын және еркіндіктерін қорғауға кепілдік бере отырып, мемлекет құқықтық мәдениеттің жалпы деңгейін арттыратын болады және жастар арасында орын алып отырған әлеуметтік теріс құбылыстарға қарсы әрекет етеді.
Осыны ескере отырып:
1) құқықтық мәдениетті арттыру бойынша барлық қажетті шараларды іске асыруды қамтамасыз ету және жастардың құқықтары мен еркіндіктерін кепілдікті қамтамасыз ететін мемлекетке құрметпен қарайтын жастарды тәрбиелеу;
2) жастар арасында құқықтық нигилизмге қарсы әрекет ету, ұсақ құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» стандарттарын енгізу;
3) кәмелет жасына толмағандар арасында қадағалаусыз қалудың, қылмыстың және басқа да құқық бұзушылықтардың профилактикасына арналған шараларды нақтылап, жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, толық емес және тұрмысы нашар отбасы балаларының құқықтықтары мен мүдделерін қорғау арқылы ювенальды әділет жүйесін жетілдіру;
4) кәмелет жасына толмаған құқық бұзушылар ретінде қамауда отырған немесе түрмеде жазасын өтеп жүрген жастарды әлеуметтік жастар қызметтерін белсенді тарта отырып оңалтуды, ал қажет болған жағдайда, қоғамға қайта кіріктіруді, әсіресе білім беру мекемелері арқылы қарастыру қажет.
Жастарды жұмыспен қамту үшін жағдайлар жасау
Мемлекет жастарды жұмысқа орналастыруға және жұмыспен қамтуға жәрдем көрсету жөніндегі жұмысты жетілдіреді. Жастардың экономиканы үдемелі инновациялық индустрияландыру, ауыл шаруашылығын жаңғырту, шағын және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік қызмет деңгейінің сапасын арттыру жөніндегі бағдарламаларды іске асыруға қатысуына ерекше назар аударады.
Жастардың ешбір сегменті мемлекеттік жұмыспен қамту саясатынан тыс қалмауға тиіс. Мемлекеттің басты міндеті - әрбір жас азаматтың жұмысқа орналасуына көмек көрсету.
Осыны ескере отырып:
1) жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша әлеуетті мүмкіндіктерді және жастардың қажеттілігін егжей-тегжей зерделеу үшін диалог алаңдары, виртуалды консультациялық қоғамдастықтардың жұмысы арқылы жастармен кері байланыс жолдарын кеңейту;
2) жастарды кәсіподақтардың қатарына белсенді тартудың тетіктерін көздеу;
3) мүмкіндіктері шектеулі жастарды жұмысқа орналастыру үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету;
4) жас мамандарды жұмысқа алу кезінде меншік нысанына қарамастан, ұйымдар мен кәсіпорындардың мүдделілігін арттыру үшін қосымша ынталандыруды пайдалану, жастарға арналған жұмыс орындарын, оларды кәсіптік даярлау және қайта даярлау, өндірістік оқыту орындарын құру мүмкіндігін қарастыру;
5) жұмыс тәжірибесі жоқ жас мамандарды жергілікті жерлерде оқыту және жетекшілік ету жүйесін құру. Зейнетке шыққан мамандарды қоғамдық негіздерде тарта отырып, сол арқылы өндірістік және технологиялық мәдениеттің сабақтастығы үшін жағдай жасай отырып, өндірісте тәлімгерлік институтын дамыту;
6) мектептерде мамандық таңдау мәселелерінде жастарға арналған консультациялық қызметтердің құрылуына көмек көрсету қажет.
Жастарға арналған қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту
Өз тұрғын үйінің бар-жоғы жас отбасылардың ең көкейкесті мәселелерінің бірі болып табылады. Жеке меншік тұрғын үй – мықты отбасы, жемісті еңбек жолы, жанға жайлы қолайлылық және адамның өзіндік дамуының негізі. Мемлекет ұлттық экономиканың даму деңгейіне және мүмкіндіктеріне сүйене отырып, жастарға тұрғын үй алуға көмек көрсетеді.
Осыны ескере отырып:
1) жас отбасыларға жеңілдікпен кредит беруге бағытталған шараларды нақтылау мақсатында тұрғын үй заңнамасын жетілдіру мәселесін пысықтау;
2) қалыптасып отырған демографиялық үрдістерге байланысты жасты ұлғайту жағына қарай тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға үміткер жас отбасылар үшін шектеулерді қайта қарау мүмкіндігін зерделеу;
3) мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде студенттік жатақханалар салу бағдарламаларын кеңейту қажет.
Жастарды мәдени құндылықтарға тарту
Халықтың мәдениеті, тілі, салт-дәстүрі және әдет-ғұрпы оның ұжымдық өмірлік тәжірибесін, ерекше ұлттық болмысын қамтып, халықтың мінез-құлқы мен дүниетанымынан көрініс табады.
Жастардың өркендеуі және жаһандануға ұмтылысы шынайы патриоттық сезіммен, өз халқының салт-дәстүрін және мәдениетін құрметтеу, этносаралық өзара құрмет және мәдениетаралық өзара баю қағидаттарымен үйлестірілуі тиіс.
Жастардың адамгершілік тұрғыдан қалыптасу және оларды азаматтық сәйкестендіру процестеріне ықпал ете отырып, мемлекет отандық бұқаралық мәдениет контентіне, тілдерді, сондай-ақ оларды сақтау мен ұлғайтуға ықпал ететін коммуникация құралдарын дамытуға ерекше көңіл бөлетін болады.
Осыны ескере отырып:
1) жас адамдарды отбасылық құндылықтарды құрметтеуге, отбасында тұрақты моральдық-адамгершілік жағдай жасауға, егде адамдарға ерекше құрмет көрсетуге, балаларға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу;
2) мектепке дейінгі мекемелерден бастап «үш тілділікті» белсенді насихаттауды жүргізу (қазақ, орыс, ағылшын тілдері);
3) жастарға әлеуметтік мәдени тәжірибені және алдыңғы ұрпақтың даналығын меңгеруге ықпал ете отырып, халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін көпшілікке тарату тәсілдерін жаңарту;
4) «Бiлiм», «Мәдениет» білім телеарналарында қазақ және ағылшын тілдерінде деректі және көркем фильмдерді неғұрлым кеңінен көрсету мүмкіндігін пысықтау;
5) қоғамдағы ақпараттық теңсіздікті жоюға ықпал ету;
6) жастарды шоғырландыру құралы ретінде әлеуметтік желілерді пайдалану қажет.
Жастардың азаматтық және патриоттық тұрғыдан өзін-өзі жетілдіруін ынталандыру
Қазіргі заманда жастар өзінің азаматтық позициясын қалыптастыра отырып, қоғамдық қызмет пен мінез-құлық дағдыларын меңгере отырып, әлеуметтік-саяси өмірдің басты қатысушыларының бірі болып табылады. Мемлекеттік жастар саясатын жүргізу кезінде шоғырлану және азаматтық қағидаттарын қалыптастыруға бағдарлану маңызды болып табылады.
Қазіргі қоғамда азаматтық сәйкестендіру процесі – бұл ең алдымен демократиялық құндылықтарды меңгеру, заңды сыйлау, ұлттық мәдениетке қосылу. Осындай процесс нәтижесінің идеалы саяси конъюнктура тербелісіне ұшырамаған, патриотизм мен азаматтық жауапкершіліктің ерекше рухы бар кемел азамат болып табылады.
Мемлекет тұжырымдаманы ойдағыдай іске асыру мақсатында жастарды әлеуметтендірудің маңызды факторы ретінде оларды шоғырландыруды қолдайды. Жастардың бастамасына қолдау көрсете отырып, мемлекет Қазақстан жастарын олардың қызығушылықтары мен еркін таңдау қағидатын есепке ала отырып, қоғамдық бірлестіктерге шоғырлануына жәрдем көрсететін болады.
Осыны ескере отырып:
1) жастардың азаматтық бастамасын қолдауға бағытталған жалпы ұлттық, өңірлік және жергілікті деңгейде мемлекеттік жастар саясатын нақты салааралық үйлестіруді қамтамасыз ету;
2) мониторинг пен диагностиканың нақты, әділ бағдарламасына негізделген жастар саясатын ғылыми зерттеулермен сүйемелдеу бойынша жүйелі түрде жұмыстар жүргізу;
3) жастар саясатының инфрақұрылымын дамытудың кешенді тәсілдерін қамтамасыз ету;
4) жастар туралы бөлімді қосу және жас қазақстандықтардың қажеттілігін есепке ала отырып, мемлекеттік органдардың жыл сайынғы стратегиялық жоспарын дайындауды жүзеге асыру;
5) жастарды бірлескен ұжымдық қызметке тартудың әртүрлі институционалдық нысандарын енгізу;
6) жастар ұсынған жобаларды қаржыландыру және оның шығармашылық және инновациялық әлеуетін жандандыруға мүмкіндік беретін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды қолдану аясын бағдарлау мүмкіндігін зерттеу;
7) үкіметтік емес ұйымдардың жас репатрианттармен, маргинал жастармен жұмысына қолдау жасай отырып, олардың тарихи отанының жағдайына әлеуметтік бейімделіп кету мүмкіндігін қолдау;
8) еріктілер қозғалысын дамытуға қолдау көрсету;
9) әскери қызметке даярлық бойынша, болашақ отан қорғаушылардың моральдық және дене шынықтыру дайындығы деңгейін арттыруға назар аудара отырып, мектептерде және колледждерде тәрбие жұмыстарын жүргізу;
10) әскери қызметтің мәртебесін насихаттау, әскери бөлімшелерде тәрбиелеу жұмысының жаңа үлгісін енгізу қажет.
Жастар ортасында моральдық-рухани бағдарлардың сабақтастығын қамтамасыз ету
Адалдық, мейірімділік, әділдік, шыдамдылық сияқты дәстүрлі жалпы адами құндылықтар Қазақстан жастары үшін басымдыққа айналуға тиіс.
Қазақстан – зайырлы мемлекет, ол діни бірлестіктерге жастар мен келешек өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі әлеуметтік әріптес ретінде қарайды. Сонымен қатар діндарлық руханилықпен толықтай теңестірілуге тиіс емес. Бұлай болмаса, қоғам секулярлық сипатын жоғалтады, діни қағидаларға бағына отырып, өзінің даму перспективасын тарылтады.
Осыны ескере отырып:
1) жаңа адамгершілік бағдарды қалыптастыру: білім мен кәсіпқойлыққа бет алу; денсаулығына деген сындарлы қарым-қатынас; жаңашылдық пен өзгерістерді дұрыс қабылдау; экологиялық таным; табиғаттың баға жетпес құндылығы және қоршаған ортаның және т.б. ахуалына жауапкершілік;
2) Қазақстанның діни мұрасы бойынша арнайы курс жүргізу мүмкіндігін қарастыру, оның шеңберінде дін саласында жастардың сапалы білімін алуға бағытталған ағартушылық жұмысты жүргізу қажет.
Ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету және мемлекеттік жастар саясатының нормативтік құқықтық базасын жетілдіру
Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру саласын ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету инновациялық ғылыми әдістер мен тәсілдерді пайдалана отырып, жүйелі негізде жастар мәселесін тереңірек зерделеуді қарастырады. Жастар ортасында ең өзекті мәселелерді шешу жолдарын әзірлеу үшін қазіргі заманғы тәсілдерді қолдана отырып, жастар құқығын іске асыру, тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету: әлеуметтік зерттеулер, бақылау әдістері, халықаралық тәжірибені және т.б. бейімдеу қажет.
Қазіргі уақытта жастардың жай-күйін жан-жақты зерттеу үшін, сондай-ақ әлеуметтік мәдени процестерді шынайы пайымдау үшін алғаш рет «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жастар арасында әртүрлі зерттеулер жүргізеді, мемлекеттік жастар саясаты саласында ғылыми-зерттеу жобалары мен бағдарламаларды дайындауға қатысады, жастар мен қоғамдық жастар ұйымдарын дамытуда оның қызметін мониторингілеуді және болжауды жүзеге асырады. Ғылыми зерттеулердің қорытындылары бойынша жастардың жағдайын жақсарту үшін және олардың құқықтары мен кепілдіктерін, сондай-ақ олардың бар мүмкіндіктерін ашу үшін нақты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірленетін болады. Дайындалған ұсынымдар жастар саясатының нормативтік құқықтық базасын жетілдіруге, жаңа заман талаптарын есепке ала отырып, Қазақстанды ұзақ мерзімді кезеңге одан әрі дамыту бағытын айқындауға тұрақты негізде бағытталады.
Сонымен қатар апаттылықты, бірбеткейлікті және шалағайлықты болдырмау үшін мемлекеттік жастар саясатының нормативтік құқықтық базасын әзірлеу және жетілдіру кезінде осы ұсынымдарды ескеру қажет.
Осыны ескере отырып:
1) жастар арасында ең қажетті тақырыптар бойынша ғылыми зерттеулер тақырыбын кеңейту;
2) жастардың барлық деңгейінің және қазіргі заманғы заңнамалардың қажеттілігін және сұрау салуды есепке ала отырып, зерттеуді жүзеге асыру;
3) мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуді қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыру;
4) жастар мәселесін зерделеу бойынша жас ғалымдар мен сарапшылар пулын қалыптастыру;
5) зерттеулер жүргізу кезінде кешенді тәсілдерді қамтамасыз ету;
6) қоғамдық дамудың өзіндік бағалау социумы ретінде жастармен жұмыстың заң шығару бастамасының жаңа ғылыми әдістерін енгізу қажет.
«Қазақстан-2050» Стратегиясын» іске асыруға жастарды тарту
Жастар мемлекет тарапынан болатын қамқорлықтың объектісі ғана емес, жастар – қоғам өміріне қатысушы және оның даму сапасына, қарқынына ықпал ететін белсенді субъект. Сондықтан да мемлекет жастар ұйымдарының жұмыс істеу қабілеттілігін, бір жағынан, жастардың өзекті проблемаларын шешу және оларда жаңа позитивті қажеттіліктерді қалыптастыру, екінші жағынан, жастардың күш-жігерін 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағдары» стратегиясында ел Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаев алға қойған мемлекеттік стратегиялық міндеттерді шешуге жұмылдырып, бағыттау мүмкіндігімен айқындауға мүдделі.
Осыны ескере отырып:
1) жастарға олардың ел үшін қосқан үлесінен ел тағдыры шешілетінін түсіндіру - жақсы оқуымен, жұмысқа деген жауапкершілігімен, белсенді қоғамдық ұстанымымен және істерімен жастар ел алдында тұрған стратегиялық мақсаттарды іске асыруға өз үлестерін қосады;
2) жастарды еліміздің жаңа бағытының қозғаушы күші ретінде, ел мен қоғам бейнесін өзгертетін дүниеге прогресивті көзқарас пен мінез-құлықты қалыптастырушы ретінде бейнелеп кескіндеу қажет.
3. Тұжырымдаманы іске асыру құралдары
Осы Тұжырымдаманың ережелері заңнамалық актілерді, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын жетілдіру арқылы іске асырылатын болады.
3-БӨЛІМ. «ҚАЗАҚСТАН 2020: БОЛАШАҚҚА ЖОЛ» ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫМЕМЛЕКЕТТІК ЖАСТАР САЯСАТЫНЫҢ 2020 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫНІСКЕ АСЫРУ КӨЗДЕЛЕТІН НОРМАТИВТІК-ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДІҢ ТІЗБЕСІ
Осы Тұжырымдаманың ережелері мынадай нормативтік құқықтық актілерді және құқықтық актілерді іске асыру арқылы орындалатын болады:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясы;
2) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және басқа заңнамалық актілер;
3) «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты;
4) Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары;
5) Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;
6) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы;
7) 8) 9) «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы;
10) «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы;
11) «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы;
12) «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының 2020 жылғы дейінгі «Жастар – Отанға!» стратегиясы;
13) орталық және жергілікті атқарушы органдардың стратегиялық жоспарлары.
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
Қоғамды жаңарту және адами капиталға қойылатын талаптардың өсуі жағдайларында мемлекеттік жастар саясаты елді дамыту және қайта жаңарту құралына айналуға тиіс.
Бұл жастардың әлеуметтік қалыптасу процесіне қатысушылардың бәрінен жастарды өз проблемалары мен жалпы ұлттық міндеттерді шешуге тікелей тартуға бағытталған тәсілдерді әзірлеуді және оны дәйекті іске асыруды талап етеді.
Мұндай ауқымдағы мемлекеттік жастар саясатының міндетін жастардың ойдағыдай әлеуметтенуіне, мемлекеттілікті дамыту басымдықтарына қол жеткізуге бағдарланған жобалық тәсілді қолдану арқылы ғана шешуге болады. Мұның бәрі, сайып келгенде, жастар мен бүкіл халықтың өзіндік ұйымдасуы, Қазақстанның алдында тұрған міндеттердің ауқымына сай келетін бастамаларды дамыту – азаматтардың әл-ауқатының өсуі және қоғамдық қатынастарды жетілдіру үшін орнықты шарттарды қалыптастырады.
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев біздің буынның сүйіп оқитын кітабына айналған «Қазақстан жолы» атты өз еңбегінде атап айтқандай, «Егер де жастар гуманизмді, білімді, жауапкершілікті, әділдікті таңдап алса және өзімшіл болмаса, онда олармен бірге табыс та ілесіп жүреді».
Қазақстанның жарқын болашағы бар, ол – БІЗДІҢ ЖАСТАРЫМЫЗДЫҢ ҚОЛЫНДА!